Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі бөлімі Ақпәтер тарихи- өлкетану музейі Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Ақпәтер ауылдық округінің орталығы Ақпәтер ауылында орналасқан.
Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі өз жұмысын 2013 жылдың 9-шы қыркүйек күні бастады. Ақпәтер ауылдық тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушы, Ақпәтер ауылының тұрғыны Өтеғұлов Кәрім Тәжмағанбетұлы жалпы құны 12140000 теңгеден аса өз қаражатын жұмсап мемлекетке ақысыз сыйға тартты.
Музейге қойылған жәдігерлер мен құжаттардың жалпы саны – 3719 дана. Мұнда Қараөзен бойын жайлаған қалың елдің кешегісі мен бүгінгісінен, археологиялық ерекшеліктерінен өткен ғасырлардағы этнографиялық салт-дәстүрлерінен мол мағлұматтар алуға болады. Музейде өткен тарихымызға қатысты терең сыр шертетін экспонаттар, ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргін кезеңінің салған лаңы мен зардаптары, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын көз алдыңа әкелетін жәдігерлер орналасқан.
Бүгінгі таңда музей үйінің көлемі 7 залдан тұратын 375 шаршы метр жерді құрайды. 1зал-Кіреберіс(Холл) 13,9 ш.м, 2 зал - «Қазақ хандығы» залы 50 ш.м, 3 зал- «Ұлы Отан соғысы» залы 20,7 ш.м, 4 зал -«Жаңарған өлке» залы 21,6 ш.м,5 зал- «Ауылшаруашылық еңбеккерлері» залы 20,7 ш.м, 6 зал- «Ауыл табиғаты мен археология» залы 70 ш.м, 7 зал- «Ақпәтер ауылының мәдениет,спорт және этнография» залы 76,6 ш.м құрайды.
Қазір музей ауласының көлемі 5040 шаршы метрге жетіп отыр. Мұнда аула ішінде 595 ш.м навестің (көлеңкенің) астында 62дана техникалар мен тіркеу құралдары, 95 ш.м жерде қазақтың он екі қанатты киіз үйі, 95 ш.м жерде кеңестік дәуірдегі өкімет және партия қайраткерлерінің бюстілері орналасса, 90 ш.м жерде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған «Ана мен бала» ескерткіші орналасып, ашық аспан астындағы музейді құрап тұр. Сондай-ақ көрермендер жүретін жолдар мен аула іші жарық беру шамдарымен жабдықталған.
Ауланың ішінде 450ден астам әр түрлі сәндік теректермен қатар жеміс ағаштарыда отырғызылған.
Байланыстар:
Мекен жайы:Батыс Қазақстан облысы,Казталов ауданы, Ақпәтер ауылы,
Ақпәтер көшесі № 2/1.