«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»
Басты бет / Экспозиция залдары / «Мәдениет, спорт және этнография» залы

«Мәдениет, спорт және этнография» залы

Келесі — хроникалық ретпен қойылған бұл залда азамат соғысы, ұжымдастыру, колхоздандыру кезеңі, Кеңес үкіметінің орнауы, Алашорда үкіметі құрылғандығы жөнінде, 1937-1938 жылдары елімізде жүргізілген жаппай қудалау мен жазалау құрбандары болып, жер аударылған Ақпәтерлік  Жұмалиев Әйіп пен жұбайы Жұмалиева Жамиға туралы тарихи мағлұмат ала аласыздар.

Этнография бұрышындағы экспозициядан қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы, қолөнері мен киім мәдениеті көрініс табады. Мұнда әйел және ер адамдардың дәстүрлі ұлттық киім үлгілері, күмістен жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыстық заттар, зергерлік және ұсталық өнердің таңдаулы нұсқалары қойылған. Күміс білезік, сақина, сырға, шашбау, ағаш аяқ, ағаш тостаған, ірі қара малының мүйізінен жасалған аңшылық бұйым — дауылпаз, оқ-дәрі салатын оқшантай, шоқ үтік, темір үтік, т.б заттарды, көріп, тамашалап, тарихымен таныса аласыздар.

Келесі бұрыш — Орда, Чапаев және Фурманов аудандарында партия комитетінің 1-ші хатшысы болған, Социалистік Еңбек Ері, екі рет «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Кенжебек Меңдәлиев пен Красный партизан совхозының жылқышысы Социалистік Еңбек Ері Наурыз Байсовқа арналған бұрыштар жасақталған.

Тәуелсіздік бұрышында Астананың даму келбеті, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін материалдар, сондай-ақ елдің қазіргі жетістіктерін айғақтайтын фотосуреттер мен басылымдар ұсынылған.

        Келесі экспозицияда Ақпәтер ауылының мәдениет пен білім саласының дамуына үлес қосқан өнер иелері мен ұстаздардың еңбегі бейнеленген.

Келесі бұрыш Красный партизан совхозының тарихы мен ауыл азаматтарына арналған.

Стендтер мен музейдегі бірнеше тумба-альбомдардан осы жерде туып өскен, еліміздің құрметті азаматы атағына ие болған, әр салада лауазымды жұмыс жасап жүрген, еңбегімен елге танылған, ауылымыздың әл-аухатын, экономикасын, шаруашылығын, білімін, денсаулығын, өнерін көтеруге атсалысқан азаматтар мен азаматшалардың фотолары ілініп, өмір деректерінен мағлұмат берілген.

Ақпәтер ауылынан шыққан спорт тарландарына арналған экспозицияда спортшы жерлестеріміздің халықаралық және республикалық додаларда ел намысын қорғап, ел рухын көтерген азаматтардың жетістіктері мен жеңістері көрініс тапқан.

Scroll to Top