«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»
Басты бет / Экспозиция залдары / Археология және табиғат залы

Археология және табиғат залы

Залда Ақпәтер ауылының табиғи көрінісі бейнеленіп, осы жерде мекендейтін аң-құстардың тұлыбы мен өсетін өсімдіктердің түрлері қойылған. Ақ қоян, түлкі, бүркіт, жабайы қаз, жылқышы құс, қараша қаз, суыр, жапалақ, борсық, ақ қасқырлар, қабан, еділбай қойының аталығы мен аналығы т.б аң-құстардың тұлыбымен қатар өсімдік түрлерінен қойылып, туған өлкенің бай табиғатын, дала өмірінің шынайы болмысын айқын көрсетеді.

Залдың екінші бөлігіндегі экспозицияда қазақ даласының ежелгі тарихы мен тұрмыс мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған. Мұнда көне дәуір шеберлерінің қолынан шыққан қыш құмыралар, тас егеу, көгілдір глазурленген тас, қызыл кірпіш тас, сондай-ақ сауыт, айбалта, темір таға сияқты бұйымдар арқылы бабалардың өмір салты мен қолөнер дәстүрі бейнеленсе, Жалпақтал мен Қарасу ауылдарының аралығында орналасқан көне Жалпақтал қалашығының макеті арқылы аймақтың ортағасырлық кезеңдегі қоныстану мәдениеті мен құрылыс ерекшеліктері көрініс табады.

Залдың орталық бөлігінде орналасқан алты қырлы экспозициялық баған – қазақ халқының тарихы мен рухани мұрасын бейнелейтін көрнекі нысан. Бағанның әр қырына тарихи карталар, батырлар бейнелері және ұлт рухын дәріптейтін ақын-жыраулардың (Асан Қайғы, Махамбет, Қазыбек би, Қадыр Мырза Әли және т.б.) өлең жолдары орналастырылған. Әр бетінде өткен дәуірдің тұлғалары мен жауынгерлерінің кескіндері ежелгі картографиялық элементтермен үйлесім тапқан.

Scroll to Top