Музей ауласында орналасқан қазақтың киіз үйі
Киіз үй он екі қанатты, әдемі тұс киіздермен, шашақ баулармен жабдықталған, ішінде қазақ халқының тұрмысында қолданыста болған заттары орналастырылған. Кебеже мен сандық түрлері, көрпе-көпшік, жастық ағаш, қой сүйегінен жасалған ұршық, шоқ үтік, темір үтік, бесік және шымылдық ішінде қайқы бас төсек қойылған.
Киіз үйдің сол жақ қанатында, ас үй бөлігінде жер үстел, ағаш аяқтар мен ыдыстар, ағаш келі сабымен, темір келі сабымен, қымыз пісетін күбі шелек, шоқ самаурын, жерден көтеріп тұратын үш аяқты құрсауға орналастырылған қара қазан, аяқты, аспалы қазан қойылған. Киіз үйдің оң жақ қанатында ат әбзілдері — ер тоқым, жүген, қамшы, қорамсақ орналастырылды. Киіз үй жылыту жүйесімен жабдықталып, қысы-жазы қызмет етуде.