«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»
Басты бет / Музейлер / Шыңғырлау тарихи-өлкетану музейі

Шыңғырлау тарихи-өлкетану музейі

Шыңғырлау ауданы тарихи-өлкетану музейі 2018 жылда  ашылды. Музей бес көрме залдан  тұрады:

  1. «Археология және экология» залы
  2. «Аудан тарихы» залы
  3. «Ұлт Руханияты» залы
  4. «Туған жер тұлғалары» залы
  5. «Ел мерейі» көрме залы

Музей - тарихи-ғылыми  дерек  ретіндегі  ескерткіштерді, өнер туындыларын,  мәдени  құндылықтарды,  мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Музей – өткен тарихты жаңғыртып,  бүгінгі  құндылықтарды  саралап,  Отанға, жерге деген патриоттық, отансүйгіштік сезімді оятып, болашаққа көзқарасты қалыптастыруға септігін тигізетін киелі орын. Музейлерде жинақталған жәдігерлер өзінің тарихымен құнды. Шыңғырлау аудандық  тарихи-өлкетану музейінің  жәдігерлері  бес залда орналасқан.

Бірінші залда Сегізсай, Елекшар оба кешендерінде әртүрлі жылдары қазылып,  табылған  «сармат»  дәуіріне  жататын  қыш  құмыралар, ат әбзелдері, Ұлттық музей қорына тапсырылған қымбат металдан жасалған бұйымдардың сүреттері, тасқа айналған теңіз жануарларының қаңқалары, ауданнан  табылған  мамонт  сүйегінің  фрагменттері, орта  ғасырлық  жез, темір құмыралар, сонымен қатар, ауданда мекен ететін жануарлар мен құстардың тұлыптары орналастырылған.

Екінші  залда,  аудан  тарихы  туралы мәліметтер, соның ішінде, ауданның Ресей империясының құрамында болған кездегі аудан тарихына қатысты ақпараттар, Ресей Империясы кезеңіндегі қару-жарақтардың фрагменттері, облигация түрлері, Орынбор мен Батыс Қазақстан облыстыры мемлекеттік мұрағаттарынан алынған құжаттардың көшірмелері, ҰОС ардагерлеріне арналған бұрыш, майданнан келген хаттардың көшірмелері, алғыс  хаттары,  әскери  атрибуттар  мен  ҰОС  ардагерлерінің  өздері тапсырған  құжаттар.  Тың  игеру кезеңіндегі халықтың пайдаланған тұрмыстық  бұйымдары  және  сол  кезең туралы  ақпараттар  орналастырылған.

Үшінші  залда,  түркі  және қазақ  халқының  әліпбиіне  арналған  көрмеде ХІХ ғасырда  жазылып,  басылған  араб  және  шағатай тілдеріндегі көне кітаптар, Батыс өлкесіне ғана тән зергерлік бұйымдар, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, батыр Табын Бөкенбай Қарабатырұлына арналған бұрыш, қазақ халқының төл өнері киім үлгілерінен, ағаштан, мыстан жасалған ыдыс-аяқ бұйымдарынан көрме, киіз үйдің ішкі құрылысынан көріністер орын алған.

Төртінші залда Мемлекеттік рәміздер, әртүрлі жылдары еліміздің халықаралық деңгейде дамуына үлес қосқан, Шыңғырлау ауданының  экономикалық-әлеуметтік өсуіне атсалысқан өңірдің белгілі қоғам қайраткерлеріне,  тұлғаларына  арналған  көрмелер  жасақталған. Сонымен  қатар,  өлкеміздің  тарихынан сыр шертетін ауыспалы экспозициялар қойылады.

Бесінші залда ХХ ғасырдың  басында  қолданыста  болған  жиһаздар,  аудан қолөнер шеберлерінің  туындылары  қойылған.  Соның  ішінде гипстен, ағаштан  жасалған түрлі жануарлардың мүсіндері, майлы бояумен, жүннен жасалған пейзаж, автопортреттер, ұлттық нақышта дайындалған көрпе-көпшіктер жинақталған.

 

Мекенжайы: БҚО, Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау ауылы, Л.Қылышев көшесі, 112Е

8(71137)40-0-77

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Scroll to Top