«Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейі»
Тарихы бай, жағырапиялық жағынан ең бір ұтымды, ежелдегі Ұлы Жібек жолы бойында, Жайықты жағалай орналасқан ауданда Теректі тарихи-өлкетану музейі 2023 жылы өз жұмысына кірісті.
Аталмыш музейдің ғимараты 2023 жылы Теректі ауданының 90 жылдығына орай пайдалануға беріліп, аудан тұрғындары мен қонақтарын өңір тарихымен таныстыруда.
Музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарының негізі мезозой дәуірі, юра кезеңінен бастап қазіргі Тәуелсіз Қазақстан кезеңі аралығындағы уақытты қамтиды. Яғни өңіріміздің территориясында әр түрлі уақытта өмір сүрген адамдардың тұрмыстық өмірі, тұтынған заттары, ыдыс-аяқ, ақшасы және т.б. жәдігерлерді көруге болады. Музей қоры 560 жәдігермен толықтырылды.
Музей экспозициясы 6 залдан тұрады. Олар: «Археология», «Адамзат эволюциясы» залы, «18-20 ғғ қазақ халқының өмірі», «Тәуелсіздік залы», «Хамза Есенжанов» бөлмесі және Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алаш» залы.
Музейдің басты тұжырымдамасы – өскелең ұрпақты әр дәуірдің жәдігерімен таныстыру, ерекше экспонаттарды көрсетіп, дүниетанымын кеңейту. Мезозой дәуірі, Тас және қола дәуіріндегі алғашқы артефакттармен, Темір дәуірі және ортағасырдағы эволюциялық жәдігерлермен, Қазақ хандығы және оның ірге тасын қалаған Алтын орда кезіндегі тарихи тұлғаларды ұлықтап, пайдаланған заттарымен таныстыру. Сонымен қатар XVIII ғасырдан қазіргі уақытқа дейінгі тарихын айтып жеткізу. «Алаш» залы арқылы Тәуелсіздікке жету жолында қазақ халқы қандай нәубеттерді басынан кешіргенін баяндап, ұрпақтың патриоттық сезімін тәрбиелеу.
Батыс Қазақстан облысы өңірінде өмір сүрген Сарматтардың қорымы маңынан табылған ерекше жәдігерлер: ат әбзілдері, әйел адам әшекейлері, тұрмыстық заттар ерекше назар аудартады. Сонымен қатар құмыралар, құрбандық тастары, ортағасырлық әйел адам әшекейлері мен ежелгі тарақтар да музей қонақтарын бейжай қалдырмайды.
Екінші қабаттағы қазақ халқының тұрмыста, аңшылықта қолданған заттары, әйел адамдардың әшекейлері және ер адамдардың белдіктері салт-дәстүрімізге бір қадам жақындатса, ҰОС жылдарынан сыр шертетін жәдігерлер 1941-1945 жылдардағы ұрыс даласында сол зұлмат соғыс көрінісін шебер суреттейді. Ал жертөледе орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алаш» залына кіргенде репрессия жылдары қазақ халқының қасіретін, қазақ зиялыларының басына төнген қасіретін, саяси лагер өмірімен, қорлау камерасымен танысып, музейге келуші қонақтар әсермен шығады.
Теректі ауданы қазба жұмыстары нәтижесінде Сарматтар өкілі Тақсай Ханшайымы табылған тарихи өлке. Яғни, бұл өңірде халық сонау ерте темір дәуірінде мекендеген.