М. А. Шолохов мемориалдық музейі
Музей меңгерушісі: Мусаева Мадина Кыдырхожаевна.
Мекенжайы: Батыс Қазақстан облысы, Байтерек ауданы, Дариян ауылы, Абылай хан көшесі, 23.
Құрылған жылы: 1979 жыл
М.А.Шолохов атындағы мемориалды музей өз тарихын 1979 жылдың 24 қыркүйегінде бастады. Бұл – әлемдегі жазушының көзі тірісінде ашылған алғашқы музей. Музей жазушының отбасы 1942 жылдың 27 шілдесінен 1943 жылдың қарашасына дейін эвакуацияда тұрған үйде құрылды. Бұл үйге М.А.Шолохов өзі де бірнеше рет келіп, отбасын көріп, әскери очерктері мен мақалаларын жазды, «Отан үшін от кешкендер» романының алғашқы тарауларды осында жаза бастады. Музей жазушының Қазақстанға деген сүйіспеншілігі мен Жайық өңірінің кең даласын, оның еңбекқор халқына деген құрметін көрсету мақсатында ашылды.
Музей ашу идеясы жерлес жазушы Н.Ф.Корсуновқа тиесілі. Бұл бастаманы Приурал ауданының басшылары, жазушының оралдық достары П.П.Гавриленко мен В.П.Вареев, облыстық мәдениет басқармасы және ауыл тұрғындары қолдады.
Бастапқыда музей қоғамдық негізде жұмыс істеді. 1987 жылы ол облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі болып бекітілді. 2001 жылы музейге қосымша екі қабатты ғимарат сатып алынып, М.Шолохов атындағы музей кешені болып қайтадан ашылады. 2007 жылдың сәуірінен бастап ол дербес болып, ММ мәртебесіне ие болды. 2019 жылдан бастап музей БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Батыс Қазақстан облыстық тарихи - өлкетану музейінің» МКҚК бөлімі болып табылады.
Музей қорында М.А.Шолоховтың жеке заттары, Қазақстандағы достарына жазған хаттары, Батыс Қазақстанға сапарлары кезіндегі фотосуреттері сақталған. Сонымен қатар, жазушының досы, оралдық жазушы Н.Ф.Корсуновтың жеке заттары, хаттары, қолжазбалары бар. Музейде қазақстандық және ресейлік танымал суретшілердің 100-ден астам картинасы жинақталған. Қорда сондай-ақ казак халқының көне ұлттық киімдері, тұрмыстық заттар, үй жабдықтары, қазақстандық және шетелдік жазушылардың кітаптары, Батыс Қазақстан өңірінің археологиялық артефактілері бар.