«Домбыра – ұлттық рух» музейі
Домбыра – қазақ халқының жаны мен жады, мыңжылдық тарихтың үнмен жазылған шежіресі. Қос ішектен төгілген әрбір күйде Ұлы даланың кеңдігі, елдің ерлігі мен халықтың тағдыры жатыр. «Домбыра – ұлттық рух» музейі осы киелі мұраны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақ санасына сіңіру мақсатында ашылды. Музей көне шығыс мавритандық сәулет үлгісінде салынған тарихи ғимаратта орналасып, қазақтың күй өнерінің терең тамырын танытады.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық бөлімі болып табылатын музей 2024 жылғы 1 шілдеде ашылды. Музей қазақ халқының ұлттық аспабы - домбыраның тарихи дамуын, мәдени рөлін және өңірден шыққан көрнекті күйші-домбырашылардың шығармашылығын насихаттайды.
Музей төрт экспозициялық залдан тұрады.
- «Домбыра тарихы» залы - аталған залда домбыраның ежелгі үлгілері мен археологиялық тұрғыда маңызды нұсқалары ұсынылған. Экспозицияда V ғасырға, көне түркі дәуіріне жататын, Алтай өңіріндегі үңгірден табылған абыз домбыраның макеті ерекше орын алады.
- «Құрманғазы Сағырбайұлы» залы - бұл залда ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған экспозициялар жинақталған.
- «Құрманғазы оркестрі» залы - бұл залда Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрінің тарихына арналған материалдар ұсынылған.
- «Батыс өңірінің домбырашылары» залы - бұл залда Батыс Қазақстан өңіріне тән күйшілік және әншілік мектептің өкілдері туралы мәліметтер ұсынылған.
«Домбыра - ұлттық рух» музейі - ұлттық музыкалық мұраны, дәстүрлі орындаушылық өнерді, тарихи тұлғалардың рухани-мәдени мұрасын танытатын маңызды ғылыми-мәдени орталық болып табылады. Музей материалдары этнографиялық, тарихи және музыкалық зерттеулер үшін құнды дереккөз ретінде зор маңызға ие.
Мекенжайы: БҚО,Орал қ . Н.Назарбаев көшесі 206/1 8 (7112)311334