Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кеш өтті
«Домбыра – ұлттық рух» музейінде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – баба мұрасы» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты кешті музей, «Алау» балалар аула клубы және «Әуен» өнер студиясының ұжымдары бірлесіп ұйымдастырды.
Ұлттық өнерді ұлықтау мен асыл мұраны дәріптеуді мақсат еткен жиынды музей басшысы Жантас Сафуллин құттықтау сөзімен ашты. Шара барысында «Alau media» үйірмесінің тәрбиеленушілері мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Аян Еділ домбыра мен ұлттық өнерге арналған поэзиялық туындыларды мәнерлеп оқып, арнау арнады.
Мерекелік бағдарламада дәстүрлі күйлер мен әндер шырқалды. Жиналған қауым Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауын», Құрманғазының «Адай», Дина Нұрпейісованың «Қазақстанға 30 жыл» мен «Тойбастар» күйлерін, сондай-ақ «Ертұран» және «Ерке сылқым» шығармаларын тыңдады. Кеш соңы Асланбек Сұлтанбековтің «Домбыра» туындысымен және «Жаса, Қазақстан!» әнімен түйінделді.
Жиын қорытындысында белсене қатысқан өнерпаздар мен тәрбиеленушілерге музей басшылығы атынан алғысхаттар табысталды.