Мұхит Мералиев атындағы тарихи – өлкетану музейі
Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін Мұхит Мералиев атындағы тарихи – өлкетану музейі 50 жылдық тарихы бар музейлердің бірі. Музейдің ең басты міндеті - өлкеміздің тарихымен, өркениетті мәдениетімен жастарды, жергілікті халықты, аудан қонақтарын таныстыру.
Мұхит Мералиев атындағы тарихи – өлкетану музейі - 1974 жылы маусым айында белгілі жерлес жазушы Берқайыр Аманшиннің бастамасы негізінде ашылды. Сол кезден бастап мұражай жұмысы жанданып, жыл сайын жаңа экспонаттармен толықтырылуда. Алғашқы музей меңгерушісі болып Марал Қажыгереев жасаған. Кейіннен музейдің тұрақты ғимараты болмағаннан кейін мектепке беріледі. 1990 жылы қазан айында Қаратөбе аудандық тарихи - өлкетану музейі деген атпен салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына жерлесіміз филология ғылымының докторы, профессор Матжан Тілеужанов қатысты. 2003 жылы сол кездегі аудан әкімі Утегулов Арман Кәрімұлының бастауымен аудандық музейге арнайы ғимарат салынып, жаңа материалдармен қайта жабдықталып, жаңартылып, өз көрермендерін қабылдай бастады. Музейдің жалпы аумағы - 493,5 м², ғимарат аумағы - 218,7 м². Музей іші 112,811 м² құрайтын төрт залдан тұрады. «Табиғат» залы - Қаратөбе жерінің фаунасы мен флорасын суреттейтін материалдар, Аққұмнан табылған жәдігерлер, құстар мен жануарлардың макеттері қойылған. «Кіші жүз тарихы» залы - өткен ғасырдың басында өмір сүрген қазақтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін суреттер, жәдігерлер қойылған. «Өнер» залында - Қаратөбе өңірінен шыққан белгілі өнер майталмандары, білім-ғылым саласында қызмет атқарып жүрген жерлестеріміздің деректері қойылған. «Егемен» залы - Ұлы Отан соғысы ардагерлері , ауған ардагерлері және спорт саңылақтарының деректері мен еңбектері, және тәуелсіздік туралы деректермен жабдықталған .
Мекенжайы: БҚО, Қаратөбе ауданы, Қаратөбе ауылы, Ғарифолла Құрманғалиев көшесі, 15.