Museum Night: Тарихпен бір түн» — музейдегі рухани кеш
18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай Мұхит Мералиев атындағы тарихи — өлкетану музейінде «Museum Night: Тарихпен бір түн» атты мәдени кеш өтті. Кеш қонақтарды қарсы алып, музей залдарына экскурсия жасаумен басталды. Жүргізушілер музейдің рухани мұраны сақтаудағы маңызына тоқталып, тарих пен тағылым үндескен тағылымды кештің мәнін ашып өтті.
Шара барысында Қаратөбе аудан әкімі аппаратының басшысы Жәнібеков Дат Болатбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, музей қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі журналист Құрманғазы Қараманұлының шығармашылығына арналған «Қалдығайтыға ғашық қаламгер» атты авторлық көрменің таныстырылымы өтті. Көрмені музей экскурсоводы Дулат Наушекенов таныстырды.
Кештің мерекелік бөлімінде жергілікті ақындар өлең оқып, әндер шырқалды. Қонақтар музейдің қоғамдағы орны мен тарихи сананы қалыптастырудағы рөлі туралы ой бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
«Museum Night: Тарихпен бір түн» кеші көпшілікке рухани әсер сыйлап, тарих пен мәдениетке деген қызығушылықты арттырған мазмұнды шара болды.