«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

ДИНА НҰРПЕЙІСОВАНЫҢ ДОМБЫРАСЫ

«Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК
ДИНА НҰРПЕЙІСОВАНЫҢ ДОМБЫРАСЫ

Сипаттама

Қазақстанның халық әртісі, күйші-композитор

Жасаушы шебер Медет Төлегенов

 

Бұл домбыраның түпнұсқасын 1980 жылы Ықылас музейі ашылған кезде Болат Сарыбаев музей қорына табыстаған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында күй анасы Дина Нұрпейісова Абай атындағы қазақ педагогикалық институ­­ты­ның негізін салу­шылардың бірі белгілі ұстаз Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың үйінде біраз уақыт тұрады. Шамғали Сарыбаевтың ұлы Болаттың музыкаға деген ерекше ынтасын, зеректігін байқаған күйші риза болып: «Болатжан балам, мына домбыраны сақтап, ойнап үйрен. Өмірімдегі ең асылым осы — домбыра, көзімдей көріп жүр» — деп өзінің ақ батасымен осы аспапты Болат Сарыбаевқа сыйға тартқан. Кейіннен Болат Сарыбаев бұл аманатты көзінің қарашығындай сақтап, Дина күйшінің берген батасы Болат Сарыбаевтың көңілін­де жатталып, бар ғұмырын қазақтың музыкалық ас­пап­тарын жинап, ән-күй мұра­сын зерттеуге түрткі болады. Бұл домбыраны 1939 жылы белгілі шебер Арыстан Ермеков арнайы Дина Нұрпейісоваға арнап жасаған.

Қазақ халқының ұлы күйшісі Құрманғазыны «күй атасы» десе, оның шәкірті Дина Нұрпейісованы «күй анасы» деп атайды. Ол кішкентай кезінен танымал күйшілердің шығармаларын орындады. Артынан өзі де күй шығарды. Қазақстанның халық әртісі атанды.

Дина Кенжеқызы Нұпейісова 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы қазіргі Жаңақала ауданының Нарынқұм жерінде дүниеге келген. Дина жастайынан  Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күшілердің күйін нақышына келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Әкесі белгілі домбырашы адам екен, қызы Динаға 8 жасынан бастап-ақ сол өнердің қыр-сырын үйрете бастаған. Оның ұлы күйші Құрманғазымен алғаш кездесуі де осы кез. 8-9 жасар Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық өнердегі ерекшеліктерін, дәстүрін жалғастырады.

Дина Нұрпейісова халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Москвада өткен Бүкілодақтық ұлттық аспапта орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленді. 2000 қатысушы арасынан таңдалып алынған 9 үздік өнерпаздың бірі болды, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Ташкентте өткен Орта Азия республикалары музыкасының 3-ші онкүндігінде өнер көрсетті. Сол жылы ол «Қазақ КСР-інің халық әртісі» атағын иемденді. Динаның «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінде халықтың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі. 1916 жылғы оқиғаға шығарған «1916 жыл» күйінде Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнаған «Кішкентай» күйінің әсері байқалады.

Ол – қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы кәсіби күйші.

 

 

1. Мәменнің күйі «Ақшолпан» — Дина Нұрпейісова (1950 жыл)
2. «Жігер» күйі — Дина Нұрпейісова (1950 жыл)
3. «Көгентүп» күйі — Дина Нұрпейісова (1950 жыл)
4. «Домалатпай» күйі — Дина Нұрпейісова (1950 жыл)
5. Құрманғазының күйі «Қайран шешем» — Дина Нұрпейісова (1950 жыл)
6. «Қосалқа» — Дина Нұрпейісова (1950 жыл)
7. «Он алтыншы жыл» күйі — Дина Нұрпейісова (1950 жыл)

 

 

Scroll to Top