«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

«Жыр жауһары – Жиембет» ғылыми конференциясы өтті

20.05.2026 Бөрлі тарихи-өлкетану музейі

Бөрлі аудандық мәдениет үйінде Жиембет жырау Біртоғашұлының 450 жылдығына арналған ғылыми конференция болып өтті. Шара алыс-жақыннан жиналған ғалымдардың басын қосып, оны белгілі айтыс ақыны Жарқынбек Шынтаев жүргізді. Аталған конференцияны Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов  құттықтау сөз сөйлеп ашып, қазақтың өр рухты ақынына арналған конференцияның жұмысына сәттілік тіледі.

АОКЖ ақпараттық-библиографиялық бөлімінің библиографы Жанаргүл Ғұбайдуллина «Жиембет жырлары – тарих айнасы» кітап көрмесіне шолу жасағаннан кейін сөз ғалымдарға берілді. Ақын-аудармашы, БҚИТУ аға оқытушысы Талап Таймасұлы Жиембет жыраудың Есім ханға арналған толғауын талдады. Алаштанушы Ерқанат Қажымұрат «Туған жер және тұлға: Жетікөл өңірінен шыққан Жиембет руы өкілдері» тақырыбында баяндама жасап, батыр туралы қызықты деректер айтты.

Конференцияда Талғат Бисенов, Сара Айтекешова және Кенжеғали Темірғазиев Жиембет жырау мен оның ұрпақтары жайлы мәліметтермен бөлісті. Іс-шараның ең әсерлі сәті – Жиембет жырау туралы анимациялық мультфильмнің көрсетілімі болды. Жоғары деңгейде жасалған туындының жарық көруіне «Ақ жол» партиясынан сайланған депутаттар Алма Елеусінова, Бақытжан Ғаділшеев және Серік Дүйсенов демеушілік көрсетті. Бұл – балаларға арналған қазақша контентті дамытуға қосылған маңызды үлес.

Scroll to Top