«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Жер қатынастары тарихына қатысты маңызды құжаттар музей қорын толықтырды

22.04.2026 Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі

Бүгін Жаңақала аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Есен Бекболатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов және кеңес мүшелері 1965–1969 жылдары Мәстексай, Жаңақала, Калинин (қазіргі Мұқыр ауылы) және Қызылоба колхоздарына жер пайдалануға құқық берілген тарихи құжаттарды Д.Нұрпейісова атындағы өнер музейінің меңгерушісі Сыйлыхан Жұмасалыққа табыстады.

Кездесу барысында ардагерлер кеңесінің мүшесі, өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев аталған құжаттардың тарихи маңызына тоқталып, олардың ауданның жер қатынастары тарихын зерттеуде ерекше құндылыққа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжаттар сол кезеңдегі колхоздардың жер көлемін, шекаралық межелерін және жер пайдалану тәртібін нақты айқындаған ресми дереккөз болып табылады.

Сонымен қатар, жерді колхоздардың мәңгі пайдалануына берілген мемлекеттік акті Екпінді колхозшылардың Бүкілодақтық екінші съезі қабылдап, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК(б)П Орталық Комитеті 1935 жылғы 17 ақпанда бекіткен Ауыл шаруашылығы артелінің үлгілі жарғысының екінші тармағына негізделген. Бұл құжат сол кезеңдегі колхоздардың жерді тұрақты әрі мерзімсіз пайдалану құқығын заңдастырып, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік реттеудің негізгі тетіктерінің бірі болған.

Мұрағаттық құжаттарды музей қорына тапсыру – ауданның тарихи мұрасын сақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам. Бұл жәдігерлер алдағы уақытта өлке тарихын танытуға және зерттеушілер үшін құнды дерек ретінде қызмет етпек.

Scroll to Top