Жапон ғалымы Ақ Жайық өңіріндегі көне қыш бұйымдарды ғылыми айналымға тартады
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне Жапонияның Мэйдзи университетінің ғылыми қызметкері, археология PhD докторы Эйко Эндо (Dr. Eiko Endo) арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапардың басты мақсаты — музей қорындағы қола және ерте темір дәуірлеріне жататын қыш бұйымдарды зерттеу. Ғалымның негізгі бағыты ежелгі дәуірдегі ауыл шаруашылығы мен дәнді дақылдардың таралу эволюциясын археологиялық жәдігерлер арқылы зерделеуге арналған.


Эйко Эндо 2020 жылдан бері Қазақстанның біршама өңірінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ол Назарбаев Университеті және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен тығыз байланыс орнатқан. Ақ Жайық өңіріндегі бұл зерттеуді жапон ғалымы Археология институтының ғылыми қызметкері Жанаргүл Қалиевамен бірлесіп жүзеге асыруда.



Шетелдік зерттеушіні музей директоры Жантас Набиоллаұлы арнайы қабылдап, өңірдің археологиялық мұрасын зерттеу, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.


