Жантас Сафуллин: «Орал – ашық аспан астындағы музей» жобасын не үшін бастадық?
18 мамыр — Халықаралық музейлер күніне орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Орал – ашық аспан астындағы музей» атты тарихи-танымдық экскурсиялық жобаны бастады.
Жоба аясында арнайы экскурсиялық маршрут әзірленіп, алғашқы бағыт Хан тоғайынан бастау алды. Музей директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, бұл орынның тарихи әрі рухани маңызы ерекше.
— Хан тоғайы ежелден «Ханская роща» деп аталған. Бұл маңда Бөкей хан мен Жәңгір ханның ұлықталу тарихы жатыр. Сондықтан экскурсияны дәл осы жерден бастаудың өзіндік мәні бар, — деді музей директоры.
Экскурсия барысында қатысушылар Назарбаев даңғылы бойындағы тарихи ғимараттармен танысып, олардың салыну кезеңі, онда орналасқан мекемелер, қызмет еткен тұлғалар мен тарихи оқиғалар туралы мәлімет алады.
Жобаның негізгі мақсаты — туған өлкенің тарихын халыққа кеңінен таныстыру, жастардың тарихи танымын арттыру және ішкі туризмді дамыту.
Толық сұхбатты видеодан көре аласыз.