«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Ишанғали Меңдіханов туралы алғашқы кітап жарыққа шығады

14.07.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында жинақталған құнды материалдар негізінде және «Музей мұрасы» сериясы аясында қазақтың көрнекті ағартушысы, алғашқы драматургтарының бірі Ишанғали Меңдіхановтың өмірі мен шығармашылығына арналған алғашқы кітап дайындалуда.

Осы игі бастамаға орай қайраткердің Астана қаласынан келген жиені Гүлжан Қыдырғалиқызы мен Орал қаласында тұратын жиені Фарида Елтайқызы музейге арнайы ат басын бұрды. Музей директоры Жантас Набиоллаұлы қонақтарды қабылдап, тағылымды кездесу өткізді. Басқосуда тарихи тұлғаның өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен ұрпақтары сақтап келген архивтік деректер кеңінен сөз болды.

Ишанғали Меңдіханов – ХХ ғасыр басында қазақ театры мен білім саласының дамуына еңбек сиңірген ағартушы. Алайда саяси қуғын-сүргін салдарынан оның есімі ұзақ жылдар бойы тасада қалып келді. Кездесуде музей директоры Жантас Набиоллаұлы ұлт зиялыларының мұрасын зерттеп, оны халыққа насихаттау ортақ міндет екенін атап өтті.

Өз кезегінде Гүлжан Қыдырғалиқызы анасының өмір бойы әкесінің есімін ақтауды армандап өткенін айтып, бұл жинақтың жарық көруі үлкен қуаныш екенін жеткізді. Түбінде тарихи әділеттілік орнайтынына сенгенін білдіріп, музей ұжымына алғыс айтты. Музей мамандары бұл бағыттағы зерттеулерді ары қарай жалғастырады. Жақында «Музей мұрасы» сериясымен шығатын алғашқы жинақтың таныстырылымы өтеді.

Scroll to Top