«Театр өнерінің майталманы»: Мұқанбетжан Ғұмаровты еске алу кеші
Ағымдағы жылдың 9 сәуір күні ZOOM платформасы арқылы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімдері С.Ғұмаров музейі мен Жәнібек аудандық музейінің ұйымдастыруымен авангард суретші Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығына және әкесі Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, актер режиссер, Мұханбетжан Ғұмаровтың туғанына 115 жыл толуына арналған «Театр өнерінің майталманы» еске алу кеші өткізілді.
Шараның мақсаты: Мұқанбетжан Ғұмаровтың мәдениет саласындағы еңбегі мен Сәкен Ғұмаровтың өнердегі орны — ел тарихының бір бөлігі. Оларды таныту арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Аталмыш шараға С.Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебінің ұстаздары, Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Сергоқызы, Мұхамбетжан Ғұмаровтың тәлімін көрген, бірге қызметтес болған шәкірттері — Гүлжан Ниязалиева, Ояш Тұманова, Нұрсұлу Боранбаева, Алтынай Сейткереева, аталмыш бөлімнің қызметкерлері, Т.Жароков атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің 8-сынып оқушылары, сонымен бірге Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Шара барысында музей мамандары Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығы мен Мұқанбетжан Ғұмаровтың өнерін кеңінен таныстырды. Мұқанбетжан Ғұмаровтың шәкірттері де жүрекжарды естеліктерімен бөлісті: Гүлжан Ниязалиева сахна мәдениеті мен жауапкершілікті үйреткенін атап өтсе, Алтынай Сейткереева ұстазының қарапайымдылығы мен қамқорлығын ерекше ықыласпен жеткізді.
Сонымен қатар, С. Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебі директорының орынбасары Нұргүл Гинатуллаевна музеймен тығыз байланысқа тоқталып, мәдени әріптестіктің маңызын атап өтті.
Кездесу соңында музей меңгерушілері Мұханғалиев Ж., Бақытжанова Г. онлайн қатысқан қонақтарға алғыс білдіріп, тағылымды кеш жылы әсермен қорытындыланды.