«Сөйлейтін суреттер»: көру қабілеті шектеулі жандарға арналған таныстырылым кеші
Ағымдағы жылдың 14 сәуір күні Арнаулы кітапханада «Суретті сезін саусақпен» тақырыбында көру қабілеті шектеулі жандарға сурет өнерін қолжетімді етуге ықпал ету мақсатында Сәкен Ғұмаров музей-үйімен бірлескен «Сөйлейтін суреттер» жобасы аясында көпформатты басылымның кезекті шығарылымының таныстырылым кеші өтті.
Шараға кітапхана оқырмандарымен қоса, осы басылымға суреттері енген бірқатар суретшілер қатысты. Атап айтсақ: Қазақстан Суретшілер одағының, Еуразиялық дизайнерлер одағының, Халықаралық суретшілер консолидациясының мүшесі Қуандық Мәдір, суретші-ұстаз Бауыржан Валиев, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Қанат Оразов, Бекжан Жұмабаев, Қазақстан Суретшілер одағының, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Нұрбек Жәрдемов, сондай-ақ Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің кафедра меңгерушісі Нұрлан Хамзин, музей-үйінің экскурсоводы Гүлжанат Толыбаева қатысты.
Кеш барысында суретшілердің «Абыз», «Кешкі әңгіме», «Толғанай», «Мәңгі бейне», «Болашақ» сурет туындыларымен, қазақ сурет өнерінің кәсіби негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің «Түрксіб», белгілі пост-авангард суретші Сәкен Ғұмаровтың «Натюрморт» және облыстық арнаулы мектеп-интернатының жас ұстазы Жақсылық Терегалиевтің «Көкпар» картиналарымен таныстырылды.
Шара соңында дәстүр бойынша «Сөйлейтін суреттер» көпформатты басылымының кезекті шығарылымы С.Ғұмаров музей-үйіне табыс етілді.