«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Сарыөмір сапары-3: Алтын Орда кезеңінің кесенесі мен Ақсақал ата мазары зерттелді

27.07.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Теректі ауданының Сарыөмір ауылына ұйымдастырған далалық экспедициясының келесі маңызды бағыты Алтын Орда кезеңіне жататын көне кесене орналасқан аумаққа барып, нысанға жаяу барлау жұмыстарын жүргізу болды.
Айта кетейік, 2020 жылы бұл кесене орнында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи нысанның орны нақтыланған еді. Осы жолы аталмыш аумақтағы тарихи-мәдени ландшафтты жан-жақты зерделеу мақсатында арнайы дрон көмегімен әуеден бейнетүсірілімдер жасалып, аумақтың топографиясы мен орналасу ерекшеліктері толық тіркелді.
Экспедиция жұмысын жалғастырып, байбақты руынан шыққан Ақсақал ата кесенесіне ат басын тіреді. Бұл халық жадында берік сақталған, тарихи-рухани маңызы өте зор киелі орындардың бірі саналады. Сапар барысында музей қызметкерлері Ақсақал ата кесенесінің аумағын толық аралап шығып, оның орналасу ерекшеліктеріне назар аударды. Кесене маңында көне обалар мен қорғандардың іздерінің сақталуы бұл өңірдің ежелден бері адамдар қоныстанған мекен болғанын және тарихи-археологиялық тұрғыдан орасан зор маңызға ие екенін анық аңғартады. Қазіргі таңда қасиетті тұлғаның ұрпақтары Ақсақал атаның рухына тағзым етіп, басына заманауи үлгідегі темірден кесене орнатқан.
Сарыөмір өңіріндегі Алтын Орда дәуіріне тиесілі көне кесенелерді, көне қорымдар мен обаларды, ескі қоныстар мен тарихи құдықтарды жүйелі түрде зерттеу – өткеннің үнін бүгінге жеткізіп, баға жетпес тарихи мұраны келер ұрпаққа аман-сау аманаттаудың ең маңызды жолы. Осындай далалық экспедициялар барысында жиналған әрбір құнды дерек алдағы уақытта ғылыми айналымға еніп, өлке тарихын тағы да тереңірек тануға және болашақ іргелі ғылыми зерттеулерге берік негіз қалайтын болады.
Scroll to Top