Сарыөмір сапары-1: Құныскерейдің көне кісені облыстық музей қорына тапсырылды
23.07.2026
·
«Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлы бастаған музей қызметкерлері далалық экспедициялық сапармен Теректі ауданының Сарыөмір ауылына барды. Экспедицияның негізгі бағыты – Шалқар көлінің маңы мен ауылдың байырғы қоныстарына зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Сапардың басты мақсаты – музей қызметкерлерінің далалық зерттеу тәжірибесін жетілдіру, елді мекендердің тарихын зерделеу, жергілікті тұрғындармен кездесіп, көне әрі құнды жәдігерлерді музей қорына жинақтау, сондай-ақ ел ішінде есімі елеусіз қалған тарихи тұлғаларды насихаттауға үлес қосу.
Экспедицияның басты міндеттерінің бірі Құныскерейге қатысты тарихи жәдігерді облыстық музей қорына қабылдау болды. Бұл бастамаға желтоқсаншы, өңірдегі желтоқсан қозғалысының жетекшісі Мұхтар Нұрланбаевтың ұсынысы негіз болды.
Музей директоры Жантас Набиоллаұлының ұсынысы бойынша Сарыөмір ауылындағы мектеп музейінде сақталған Құныскерейдің кісенін облыстық музей қорына тапсыруға келіссөздер жүргізілген еді. Осылайша, Мұхтар Есмағұлұлы экспедиция барысында Құныскерейге қатысты тарихи жәдігер сақталған орынға бастап барып, оны облыстық музей қорына қабылдауға ықпал етті.
Экспедиция Сарыөмір ауылындағы Хамза Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің музейінен басталды. Алдымен музей қызметкерлері ауыл ақсақалдарымен және мектеп басшылығымен кездесіп, елді мекеннің тарихына қатысты құнды мәліметтер жинақтады. Кездесу барысында ауыл ақсақалдары Файзуллин Тәупен ата, Талап Молдашев, Ғинаят Дауылбаев, Жантемір Тасқалиев және мектеп директоры Шынар Самиғоллақызы ауылдың өткені, тарихи орындары мен белгілі тұлғалары туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың әңгімелері фото және бейнежазбаға түсіріліп, музейдің ғылыми қорына енгізу үшін ресми түрде тіркелді.
Экспедицияның ең маңызды нәтижесі Құныскерейге қатысты тарихи жәдігердің облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылуы болды. Бұл – 1976 жылы Еламан тауындағы Құныскерей үңгірінен табылған кісен. Аңыз бойынша, бұл жәдігер әлі күнге дейін Құныскерейдің атымен тығыз байланыстырылып келеді.
Мұхтар Есмағұлұлының айтуынша, кісенді алғаш болып сасай руынан шыққан Макар Макшанұлы тауып, кейін ол ауыл тұрғыны Клим Бексейітовтің қолына өткен. Бұл кісен Құныскерейдің қолына тағылған деседі. 2012 жылға дейін жәдігер Клим Нұғманұлының қолында сақталып, кейін Хамза Есенжанов атындағы мектеп музейіне тапсырылған. Ал оған дейін бұл кісеннің кімдердің қолында болғаны туралы нақты дерек сақталмаған.
Мұхтар Есмағұлұлы бұл жөнінде былай деп еске алады: «Клим Нұғманұлы менің әкем Есмағұл Нұрланбайұлының ең жақын достарының бірі еді. Кісен өз қолына өткеннен кейін, оны біраз жыл Сарыөмір ауылындағы мектептің директоры қызметін атқарған әкеме табыстағысы келген. Бірақ әкем дүниеден өтіп, оны мен өзіме алудан бас тарттым. Шамамен 2010-2012 жылдары Клим Нұғманұлы куәгер болуға Белогор орта мектебінің сол кездегі директоры, марқұм Кәрім Мұхамбетжанұлы мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Абат Қазиевті, мені және жұбайым Альфия Нұрланбаеваны ертіп алып, сол кезде мектеп директоры қызметін атқарған жездем Шарапи Сұлтановтың үйіне барды. Сол үйде отырып, кісенді біздің көзімізше Шарапи Сұлтановқа аманаттап тапсырды. Осылайша жәдігер мектепке беріліп, кейін мектепте музей ашылғанда ең басты экспонат ретінде қойылды».
Айта кетейік, Мұхтар Есмағұлұлы бұған дейін берген сұхбаттарында аталмыш кісеннің тікелей Құныскерейдің қолына тағылған дерегін алға тартады. Ал мектеп музейінде бұл экспонат Құныскерейдің атымен рәсімделіп көрсетілген.
Жәдігерді қабылдау барысында музей директоры Жантас Набиоллаұлы кезінде «банды» атанып кеткен Құныскерейдің шын мәнінде ел қорғаны болған батыр екенін атап өтіп, бұл кісеннің облыстық музей қорындағы ең құнды жәдігерлердің біріне айналатына сенім білдірді. Сонымен қатар тарихи мұраны осы уақытқа дейін көздің қарашығындай сақтап келген мектеп музейінің ұжымына шынайы ризашылығын жеткізді.
Бұдан кейін музей қызметкерлері ауыл тұрғыны, суретші Ғинаят Дауылбаевтың жеке көрмесін тамашалады. Суретшінің жеке үй-көрмесі өзінің тұратын үйінің жанындағы екі қабатты ғимаратта орналасқан. Оның жеке қорында елуге жуық туынды сақталған. Суретшінің еңбектері қазақ халқының дүниетанымы, философиясы мен салт-дәстүрін бейнелеумен қатар, Махамбет Өтемісұлы, Әбілхан Қастеев, Мұқағали Мақатаев, Михаил Шолохов секілді көрнекті тұлғаларға арналған шығармаларды да қамтиды.
Кездесу соңында суретші облыстық музей қорына «Әжемнің әңгімесі» картинасын тұрақты сақтауға сыйға тартты. Сондай-ақ «Төрт мезгіл» атты туындысын уақытша сақтауға ұсынды. Өз кезегінде музей директоры алдағы уақытта Ғинаят Дауылбаевтың жеке көрмесін облыстық музейде ұйымдастыруға толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Ғинаят Дауылбаевтың жеке көрме-үйі Батыс Қазақстанның басқа елді мекендерінде кездеспейтін бірегей мәдени нысан саналады.
Экспедицияның жалғасы туралы ақпаратты келесі жарияланымдарда ұсынатын боламыз.