«Орал – ашық аспан астындағы музей» экскурсиялық маршруты әзірленуде
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңа туристік-танымдық жобаны қолға алды. «Орал – ашық аспан астындағы музей» атты экскурсиялық маршрут өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын заманауи форматта таныстыруды мақсат етеді.
Аталған маршрут аясында Орал қаласының көне көшелері, сәулет ескерткіштері, тарихи орындары мен маңызды нысандары бір жүйеге біріктіріліп, мазмұнды экскурсиялық бағдарлама әзірленуде. Жоба қала тарихын кеңінен насихаттауға, жастардың туған жерге деген қызығушылығын арттыруға және ішкі туризмді дамытуға бағытталған.
Музей директоры Жантас Набиоллаұлы атап өткендей, маршрутты әзірлеу барысында өңірдің терең тарихи қабаттарын қамтитын бірегей нысандарға ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, Жайық қалашығы маңындағы сарматтар обалары – ерте темір дәуірінің құнды мұрасы ретінде, ортағасырлық Жайық қалашығы – аймақтың сауда-саттық және мәдени байланыстар орталығы ретінде, ал Жайық жағасындағы Хан тоғайы – тарихи әрі табиғи киелі орын ретінде маршруттың негізгі нүктелеріне айналмақ.
Сонымен қатар маршрутқа Пугачев музейі маңында орналасқан.
Бұдан бөлек, XIX–XX ғасырларда Орал қаласында білім алып, қызмет еткен көрнекті тарихи тұлғаларға қатысты орындар да маршрут құрамына енгізілуде. Бұл бағыт келушілерге тұлғатану тұрғысынан терең мағлұмат беріп, қала тарихын адам тағдырымен сабақтастыра түсіндіруге мүмкіндік береді.
Осы жұмыстар аясында музей директоры Жантас Набиоллаұлы музей қызметкерлерін тарихи нысандар орналасқан орындарға арнайы апарып, олармен кеңірек таныстырды. Сондай-ақ экскурсиялық маршрутты жүйелеу және мазмұнды экскурсия мәтінін әзірлеу бағытында нақты бағыт-бағдар берді.
Экскурсия барысында қатысушылар қаланың қалыптасу кезеңдерімен, тарихи тұлғаларымен, мәдени және рухани құндылықтарымен таныса алады. Сонымен қатар маршрут мектеп бағдарламасымен сабақтастырылып, білім беру бағытында да тиімді қолданылмақ.
Қазіргі таңда маршрутты ғылыми тұрғыдан негіздеу, нысандарды іріктеу және экскурсия мәтінін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жоба алдағы уақытта тұрғындар мен туристерге ұсынылатын болады.