«Нүкте кеңістігі»: Қостанайлық суретші Вадим Быковтың дербес көрмесі ашылды
2026 жылдың 25 мамыр күні БҚО тарихи-өлкетану музейі «Атамекен» өнер ордасының көрме залында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қостанайлық график-кескіндемеші Вадим Быковтың «Нүкте кеңістігі» атты дербес көрмесі ашылды.
Бейнелеу өнеріндегі нобай мен эскиздің көркемдік әрі танымдық маңыздылығын және шығармашылығын насихаттау мақсатында жабдықталған көрмеде қылқалам шеберінің 100-ге жуық туындысы қойылған.
Вадим Быков – халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық көрмелер мен түрлі шығармашылық жобалардың қатысушысы, 45 жеке көрменің авторы. Суретшінің туындылары «Қазақстан бейнелеу өнері» кітабына, бес томдық «Қазақ өнері» басылымына және екі томдық «Қазақстан кескіндемесі» жинағына енген.
Шарада музей директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр мен ҚР Суретшілер Одағы БҚО филиалының төрағасы Асхат Абдешев құттықтап, көрме авторына сый-сияпат ұсынды.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Айбар Қайырхановтың әдемі әні шырқалған кеште Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі Сая Калинова көрме ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, көрме авторы Вадим Быков жылы лебізін білдірді.
Ақ Жайық пен Қостанай өңірінің мәдени ынтымақтастығын мақсат тұтқан көрме бір ай бойы жалғасады.