«Невель. Шешуші шайқас»: Оралда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Мәншүк Мәметова мемориалдық музейі ұйымдастырған Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлігін мәңгі есте қалдыруға арналған «Невель. Шешуші шайқас» («Невель. Решающая битва») тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз мәресіне жетті.
Конференцияға Қазақстанның Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Тараз қалаларынан, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен аудандарынан, сондай-ақ Ресей, Германия және Беларусь елдерінен ғалымдар, тарихшылар, архив және музей қызметкерлері, мұғалімдер, іздеу топтарының мүшелері қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарында Калинин майданында ерлікпен шайқасқан, 1942 жылы Алматыда құрылған 100-ші және Ақтөбеде құрылған 101-ші дербес атқыштар бригадаларының тарихын кеңінен насихаттау, Мәншүк Мәметова мен оның қарулас жолдастарының ерлігі мен тұлғалық қасиеттерін дәріптеу.
Конференцияны Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Нәбиоллаұлы құттықтау сөзімен ашты.
Конференцияға Ресейдің Невель қаласынан «Гвоздика» іздеу жасағының өкілдері де арнайы қатысып, қазақстандық жауынгерлердің Невельді қорғаудағы ерлігі туралы құнды мәліметтермен бөлісті.

Шара соңында Мәскеудегі Әлеуметтік жад институты, Невель қаласындағы «Гвоздика» іздеу жасағы және М. Мәметова мемориалдық музейі арасында «Родина подвига – Родине Героя» атты «Есте сақтау және алғыс» халықаралық эстафетасының миссиясын жүзеге асыруға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.