«Музейге саяхат — рухани демалыс»: оңалту орталығы емделушілеріне арнайы экскурсия ұйымдастырылды
Халықаралық музей күніне орай Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінде «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының емделушілеріне арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
Шара барысында келушілер музей экспозицияларымен танысып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалады. Әсіресе, ұлттық қолөнер мен зергерлік бұйымдар қойылған көрме келушілердің қызығушылығын арттырды. Музей қызметкерлері әр экспонаттың шығу тарихы мен маңызы туралы кеңінен ақпарат беріп, тарихи-танымдық әңгіме жүргізді.
Экскурсия барысында емделушілер рухани тынығып, ұлттық мұрамен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, мерекеге орай қонақтарға ақ дәм ұсынылып, ұлттық тағам — бауырсақтан дәм татқызылды. Қонақтар көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған музей ұжымына алғыстарын білдіріп, ерекше әсер алғандарын жеткізді.
Мұндай тағылымды шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, келушілердің тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыра түсті.