«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Музейдің шығармашылық цифрлық клубы құрылды

17.06.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолданысқа енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыстық тарихи-өлкетану музейі де музей ісіне жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізуге бет бұрды. Бұл тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және көпшілікке қолжетімді етудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Халықаралық Музейлер күні қарсаңында ұйымдастырылған «Музей ЖИ көзімен» бейнероликтер және «Тарих сөйлейді» жасанды интеллект арқылы жасалған комикс» байқауларының марапаттау рәсімінде музей директоры Ж.Сафуллин музей қызметін жаңғырту және өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытындағы жаңа бастамаларымен бөлісті. Осы орайда байқауға қатысушылардың басын біріктіретін «Музейдің шығармашыл цифрлық клубын» құру туралы ұсынысын жеткізді. Аталған клуб шығармашыл жастар мен цифрлық технологияларды меңгерген мамандарды біріктіріп, музейдің жаңа жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта жасанды интеллект көмегімен музей жәдігерлерін анимациялау, тарихи тұлғалардың бейнесін заманауи форматта таныстыру, виртуалды экскурсиялар әзірлеу, көптілді аудиогидтер жасау, архивтік фотосуреттерді қалпына келтіру, сондай-ақ білім беру мен туризмге арналған цифрлық контент дайындау жоспарланып отыр. Мұндай жобалар тарихи мұраны кеңінен насихаттап қана қоймай, жас ұрпақтың өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Бұл – тек бір музей аясындағы бастама емес. Болашақта осындай шығармашыл цифрлық клубтардың мәдениет, білім, туризм және өзге де салаларда құрылып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қоғам игілігіне тиімді пайдаланатын шығармашылық ортаның қалыптасуына негіз болатыны сөзсіз.

Scroll to Top