«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Музейде тарихшылар мен өлкетанушылар бас қосты.

17.08.2025 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Жұма күні музей қабырғасында музей директоры Сафуллин Жантас Набиоллаұлының бастамасымен өңіріміздің тарихын тереңнен зерттеп жүрген тарихшылар мен өлкетанушылар кездесті. Қонақтар қатарында Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі — Қабжан Қазыбек Құттымұратұлы, өлкетанушы — Нұрлан Сәдір Қуанышұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісұлы ат. БҚУ доценті — Жақсығалиев Жаңабек Жаңабайұлы, тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты — Исмурзин Жәнібек Аллаярұлы және тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов ат. БҚУ, «Қазақстан Республикасы тарихы» кафедрасының меңгерушісі — Байболсынова Альфия Сабырғалиқызы болды.
Жиналыс барысында музейдің бүгіні мен болашағына қатысты маңызды ұсыныстар, тың идеялар, пікір алмасулар және даму бағыттары талқыланды.

Музей қызметкерлері де белсенді қатысып, өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, жаңа жобаларға бағыт беретін пікірлерін ортаға салды. Кездесу шынайы пікір алмасу алаңына айналып, мәдениетімізді сақтау мен дамытудағы бірлескен қадамдар айқындалды.

Тарихшы қонақтарымыз алдағы уақытта музейдің тыныс-тіршілігіне қолдау көрсетіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына өз үлестерін қосуға дайын екендігін жеткізді.

Бұл басқосу – ортақ мақсат жолындағы ынтымақ пен бірліктің жарқын көрінісі.

Мәдениет пен тарихқа бей-жай қарамайтын әр жанды ортақ іске атсалысуға шақырамыз.

Scroll to Top