Экспозиция да, тәсіл де жаңарады: БҚО музейінде маңызды шешімдер қабылданды
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде қалалық және аудандық бөлім меңгерушілерінің қатысуымен музей директоры Жантас Набиоллаұлының төрағалығымен жұмыс жиыны өтті.
Басқосу барысында Е. Пугачев музейінің бөлім меңгерушісі Виктория Жайдарманқызының жартыжылдық атқарылған жұмыстары мен қаржылық түсімдері жөніндегі есебі тыңдалып, мекеме қызметінің негізгі бағыттары талқыланды.
Жиында хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы сараланып, жоспарды уақытында орындамаған бөлім басшыларына ескерту жасалды. Сонымен қатар музейге келушілерге сапалы қызмет көрсету, қаладағы ірі мекемелермен байланыс орнатып, жұртшылықты тартып, музей қызметін кеңінен насихаттау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысының ұлттық тарихты, соның ішінде Алтын Орда дәуірін зерттеу мен насихаттау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, музей қорларын тарихи тұлғалар мен құнды материалдармен жүйелі толықтыру қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін облыстық музейдің Тәуелсіздік залына Ата Заңның жаңа нұсқасы қойылып, экспозициялар жаңартылған болатын. Осыған байланысты барлық аудандық және қалалық бөлімдерде де экспозициялық заңдылықтарға сай тиісті жұмыстарды жүргізу жүктелді.
Басқосу соңында музейлердің ақпараттық-насихат жұмысын күшейту мәселесі сөз болды. Барлық бөлім меңгерушілеріне ай сайын бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жариялау, құнды жәдігерлер бойынша мәтіндік материалдар әзірлеу тапсырылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердегі пікірлерге тұрақты мониторинг жүргізіп, келушілермен кері байланысты орнату және музей имиджін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру міндеттелді.