«Музей Travel»: БҚО мамандары Бурабайдағы мультимедиялық кешеннің тәжірибесін зерделеді
Бурабайдағы мультимедиялық интерактивті кешен – заманауи технологиялар мен музей ісінің тоғысқан бірегей үлгісі. «Музей Travel» жобасының қатысушылары бұл орталықта болып, тарихи-мәдени мұраны таныстырудың инновациялық тәсілдерімен және музей жұмысында цифрлық технологияларды қолданудың тиімді жолдарымен танысты.
Инновация мен дәстүрді ұштастырған кешен қазақ халқының дүниетанымына негізделген 8 интерактивті залдан тұрады. Мұнда 5D форматындағы «Самұрық құсының ұшуы» аттракционы, сондай-ақ «Ұлы Дала мұрасы», «Қазақстанға саяхат», «Батырлар даласы», «Ұлы Дала тарихы» және «Абылай хан батасы» сияқты тақырыптық экспозициялар ұсынылған. Экскурсия барысында панорамалық экрандардың тиімді қолданылуы, интерактивті құрылғылар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері тарихи ақпаратты әсерлі әрі есте қаларлықтай қабылдауға жағдай жасайды.
Сапар барысында оралдық музейшілер өз қызметіне енгізуге болатын бірнеше озық шешімді атап өтті. Атап айтқанда, интерактивті тақталар арқылы кері байланыс орнату, балаларға арналған танымдық ойындар ұйымдастыру, QR-код пен жасанды интеллект арқылы қосымша ақпарат беру, сондай-ақ бейнепроекциялар көмегімен археологиялық нысандарды жандандырып көрсету сияқты тәсілдер ерекше қызығушылық тудырды. Осындай нәтижелі тәжірибелер музей экспозицияларын жаңғыртып, келушілермен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.