«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

«Музей мұрасы — ұлт қазынасы»: Халықаралық музей күніне арналған салтанатты жиын өтті

18.05.2026 Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінде салтанатты жиын өтті. Биыл қазақтың күй өнерінің көрнекті өкілі, күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толып отыр. Айтулы дата аясында ұйымдастырылған шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, Жаңарған өңір газетінің директор-редакторы Зара Жардемова, еңбек ардагерлері мен музей саласының қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шараны музей меңгерушісі Сыйлыхан Жұмасалық ашып, музей ісінің қоғамдағы маңызы мен тарихи мұраны насихаттаудағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар биылғы мерекенің Дина Нұрпейісованың 165 жылдығымен тұспа-тұс келуі музей ұжымы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Шара барысында музей саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлер аудан әкімінің Алғысхаттарымен марапатталды. Атап айтқанда, көп жылдар музей саласында қызмет еткен ардагер маман Уасиха Мақанова, экскурсовод Ақнұр Төлембетова, қор сақтаушы Гүлжайна Меңдешова және кіші қызметкер Ақерке Сатыбаева марапат төрінен көрінді.

Жиын барысында қатысушылар музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, музей саласын дамыту, ұлттық мұраны сақтау және келер ұрпаққа насихаттау бағытында өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, Дина Нұрпейісованың мол мұрасын дәріптеу, күйлерін кеңінен насихаттау және тарихи тұлғаның есімін ұлықтау мәселелері де сөз болды.
Кездесу барысында еңбек ардагері Уасиха Қайырқызы музейдегі көп жылғы еңбек жолынан сыр шертіп, өткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Ардагердің әсерлі әңгімелері жас мамандарға рухани тағылым сыйлап, музей ісіне деген құрметті арттыра түсті.
Мерекелік жиын көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, музей қызметкерлеріне көрсетілген құрмет олардың еңбегіне деген зор алғыстың белгісі болды.

Scroll to Top