«Музей мұрасы»: Ишанғали Меңдіханұлының өмірі мен еңбегі жаңа жинақта
24.07.2026
·
«Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей мұрасы» сериясы аясында қазақтың тұңғыш драматургы, ағартушы, қоғам қайраткері Ишанғали Меңдіханұлының өмірі мен шығармашылығына арналған алғашқы жинақтың тұсаукесері өтті.
Жинақ музей қорында сақталған құнды архивтік құжаттар, сирек фотосуреттер, мерзімді басылым материалдары және тарихи деректер негізінде дайындалды. Сондай-ақ кітапқа Ишанғали Меңдіханұлының ұрпақтары ұсынған, бұған дейін ғылыми айналымға енбеген тың мәліметтер енгізілді. Жинақты белгілі өлкетанушы, журналист Қазбек Құттымұратұлы мен тарихшы Ерсұлтан Нұрғисаұлы құрастырды.
Тұсаукесер рәсімі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлының төрағалығымен өтті. Ол өз сөзінде «Музей мұрасы» жобасының маңыздылығына тоқталып, музей қорында сақталған тарихи құндылықтарды ғылыми айналымға енгізу және ұлт тарихында ерекше орны бар тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау музей қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың алдағы уақытта Ишанғали Меңдіханұлының басына белгі орнатуға, аумағын абаттандыру ісіне қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Жаңа жинақтың тұсауын кесу құрметі ақын, қоғам қайраткері Дариға Мұштанова мен Ишанғали Меңдіханұлының жиен немересі Гүлжан Қыдырғалиқызына ұсынылды.
Басқосуда кітап авторлары Ишанғали Меңдіханұлының өмір жолы, ағартушылық қызметі, қазақ драматургиясы мен театр өнерінің қалыптасуына қосқан үлесі туралы баяндап, жинақтың дайындалу тарихымен таныстырды. Өз кезегінде Ишанғали Меңдіханұлының ұрпақтары — Гүлжан Қыдырғалиқызы мен Фарида Елтайқызы да естеліктерімен бөлісіп, тағылымды еңбектің жарыққа шығуына мұрындық болған музей ұжымына алғыстарын білдірді.
Кеш барысында ақын, қоғам қайраткері Дариға Мұштанова, музей саласының ардагері Сара Танабаева, өлкетанушы Нұрлан Сәдір, журналист Мұнайдар Балмолда және басқа да зиялы қауым өкілдері Ишанғали Меңдіханұлының қазақ руханияты мен мәдениетіндегі орны туралы мазмұнды пікірлерін ортаға салды.
Шара соңында қатысушылар жаңа кітаппен танысып, тарихи тұлғаға арналған көрмені тамашалап, естелік суретке түсті.
Тұсаукесерден кейін шараға қатысушылар Ишанғали Меңдіханұлының құлпытасының дайын нұсқасын көріп, тұлғаға тағзым етті. Айта кетейік, бұл құлпытас жергілікті кәсіпкер Талғат Чудобаевтың демеушілігімен, танымал суретшілер — Қайыр Оразғалиев және Айдос Қабышевтың авторлығымен жасалған.