«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

МУЗЕЙ ҚОРЫ ҚҰНДЫ МҰРАМЕН ТОЛЫҚТЫ

13.05.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

МУЗЕЙ ҚОРЫ ҚҰНДЫ МҰРАМЕН ТОЛЫҚТЫ

Музейімізге арнайы сапармен Өскемен қаласынан Тастемирова Надия Капановна және Ресей Федерациясының Сочи қаласынан Лепендина Юлия Борисовна келді. Құрметті қонақтар – қазақтың көрнекті ағартушысы, ақын әрі қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың ұстазы болған Ғұбайдолла Ғаликеевтің тікелей ұрпақтары.

Ғұбайдолла хазіреттің Ғабдолһади (құжаттарда орысша «Гадый» деп жазылған) есімді ұлынан Равиль (1931–2005), Анвар (1932–2015) және Нурия (1935 ж.) атты үш немере тараған. Анвар Гадыйұлының қызы Лилиядан Юлия дүниеге келсе, Нурия Гадыйқызынан Надия тарайды. Осылайша, музей табалдырығын аттаған қонақтар өздерінің тарихи тамырымен қауышып, ата-бабаларының рухани ізі қалған мекенмен жақынырақ танысты.

Қонақтар музейдегі Ғұмар Қараш залына экскурсия жасап, Ғұбайдолла хазіреттің мөрін көрді. Сонымен қатар, оның шәкірті болған Ғұмар Қараштың өмір жолы, ағартушылық қызметі және қазақ руханиятындағы орны туралы мол мағлұмат алды.

Сапар барысында музей қорына ерекше тарихи жәдігер табысталды. Қонақтар 1889 жылы Стамбұл қаласындағы «Матбаға-и Амира» баспаханасында осман (түрік) тілінде жарық көрген «Табари-и Кәбир Тәржімасы» атты құнды кітапты музейдің тұрақты қорына тапсырды. Бұл еңбек – әйгілі тарихшы Имам ат-Табаридің «Үлкен Тарих» кітабының аудармасы болып табылады және дүниежүзі тарихына қатысты маңызды мұра саналады.

Аталған кітап Надия Капановнаға музейге табыстау үшін Роберт Ибрагимұлы Шарафуддинов арқылы берілген. Ал Робертке бұл мұра әкесі Ибрагим Салахуддинұлы Шарафуддиновтен қалған. Ибрагимнің әкесі Салахуддин Шарафуддинұлы (1870–1914) Хан Ордасындағы екінші мешіттің имамы болған.

Осындай тағылымды кездесулер – ұлт тарихының алтын арқауын жалғап, рухани мұрамызды жаңғырта түсетіні сөзсіз. Музей ұжымы алыстан ат арытып келген қонақтарға шынайы алғысын білдіріп, отбасылық жәдігерді музей қорына табыстағаны үшін ерекше ризашылығын жеткізеді.

Scroll to Top