Мәншүк Мәметованың соңғы шайқасын бейнелейтін диорама қайта іске қосылды
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы саналатын Мәншүк Мәметова музейіндегі ең маңызды экспозициялардың бірі — батыр қыздың соңғы шайқасын бейнелейтін диорама қайта іске қосылды.
Өткен жылдан бері техникалық ақауларға байланысты толыққанды жұмыс істемей келген бұл нысанда кешенді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, техникалық мүмкіндіктері толықтай ретке келтірілді.
Бұл әсерлі экспозицияда 1943 жылғы 15 қазанда болған Невель түбіндегі Мәншүк Мәметованың ерлікпен қаза тапқан соңғы шайқасы бейнеленген. Арнайы дыбыстық және жарық эффектілерімен сүйемелденетін диорама келушілерге майдан даласындағы тарихи оқиғаны көз алдына әкеліп, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өшпес ерлігін тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.

Қала тұрғындары мен өңір қонақтарына Мәншүк Мәметова музейіне келіп, қайта іске қосылған тарихи диорама арқылы батыр қыздың ерлігімен жақын танысуға болады.