«Майдангер партизан» кітабы музей қорына табысталды
01.08.2026
·
М.Мәметова мемориалдық музейі
1 тамыз күні Мәншүк Мәметова мемориалдық музейіне «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Серік Рахметоллаұлы Егізбаев арнайы келіп, партияластарымен музей ауласындағы қазақтың қаһарман қызының ескерткішіне гүлшоғын қойып, тағзым жасап, музейге саяхаттап, майдангер әкесінің құжаттарын Белорус елінің архивінен қалай алғанын және 22 маусым күні Брест қамалында өткен іс-шараға қатысқанын тілге тиек етті.
Содан соң Серік Рахметоллаұлы әкесі Рахметолла Егізбаев туралы Баян Мұхамбетәлиевтің авторлығымен «Фолиант» баспасынан Алматы қаласынан жарық көрген «Майдангер партизан» кітабын музей қорына сыйлап, сұрапыл соғыста ерліктің сан үлгісін көрсеткен қазақ халқының ұл-қыздарын дәріптеу бағытындағы шығармашылық жұмысымызға толайым табыс тіледі.
Бұл кітапта партизан Рахметолла Егізбаевтың Белоруссия жеріндегі жорықты жолдары баяндалған. Сонымен қатар қан майданнан аман-есен туған еліне оралған жауынгердің бейбіт өмірдегі өнегелі өмірі жайлы сыр шертеді. «Майдангер партизан» кітабы қалың оқырманға арналған.