«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай әріптестер марапатталды

21.05.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Бүгін мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай жоғары марапат алған әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз.

БҚО тарихи-өлкетану музейі «Атамекен» өнер ордасы көрме залының меңгерушісі, суретші, композитор, педагог, публицист, өнертанушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі (2005), Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі (2015), Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі (2020), Қуандық Насихатұлы Мәдір «Құрмет» Орденімен наградталды.

БҚО тарихи-өлкетану музейі «Атамекен» өнер ордасы көрме залының өнертанушысы, Қазақстан Суретшілер және Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, «Тұран» халықаралық көркемөнер сыйлығының лауреаты, «Күміс кілт» сыйлығының иегері (Кипр, Түркия), суретші-кескіндемеші Жәрдемов Нұрбек Екпінұлын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.

Музей қорындағы бұрын-соңды зерделенбеген көне кітаптар мен қолжазбаларды зерделеп, ғылыми негіздеме жасаған жас ғалым Орынбасар Нұрланұлы Ахметқалиға облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталды. Орынбасар Нұрланұлы қысқа уақытта арабша-татарша, татарша, арабша-османша, арабша-түрікше, өзбекше, арабша-парсыша, арабша-орысша, ұйғырша жазылған көне кітаптарды тәржімалап, 4 тілде каталог құрастырды. Жас ғалым 202 көне кітаптың аудармасын, ғылыми сипаттамасын дайындады.

Ұлы өнерді ұлықтаған, ел тарихын зерделеген әріптестерімізді бүгінгі марапаттарымен құттықтап, шығармашылық шабыт тілейміз.

Scroll to Top