Қытайдан шыққан велосаяхатшы Жымпитыға жетті
Халықаралық күре жолдың бойында орналасқан аудан орталығы арқылы аптасына орта есеппен 8 мыңға жуық көлік қатынайды деген ақпарат бар.
Қаншама көлік, қаншама тұлға, небір ұлттар, небір адамдар… Әттең, тілін түсінсең, аудан үшін айды аспанға көтерер талай тағдырлар мен қызықты оқиғалар өтіп жатады.
Ақтау қаласынан Астана қаласына бет алған Бүрлен есімді велосаяхатшы бүгін Сырым даласына табан тіреді. 22 жастағы ару бұл сапарға ата жұртын тану және барған жерлерін әлеуметтік желі арқылы өзгелерге таныстыру мақсатында шыққанын айтты. Оның айтуынша, қандас қаракөз Қытай елінде туып-өскен. Қазіргі таңда Астана қаласының тұрғыны.
— Алдымнан кездескен әр ауылдың тарихы, тіпті бейтаныс әр тастың өзі — сапарымның бір жетістігі, — дейді саяхатшы Бүрлен.
Елге келген қонақты алғаш болып Сырым музейі қызметкерлері қарсы алып, ауданның өткені мен Алаш қозғалысына қатысты тарихи жәдігерлерді таныстырды.
Бүгін таңертең аудандық Жас туристер станциясының қызметкерлері, аудан жастары және Сырым музейінің ұжымы саяхатшыны ақ жол тілеп, шығарып салды.