«Күміс әшекейлер: дәстүр мен өрнек» көрмесі
Мереке аясында музейде «Күміс әшекейлер: дәстүр мен өрнек» атты авторлық көрме ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты – қазақ халқының зергерлік өнерін, ұлттық құндылықтарын және күмістен жасалған әшекей бұйымдардың тарихи маңызын насихаттау болды. Көрмеге өңіржиек, құстұмсықты жүзік, тұмарша, күміс сырға, білезік, шекелік, қапсырма секілді бірегей жәдігерлер қойылды. Сонымен қатар, Дина Нұрпейісованың немересі Балжан Жұрынбайқызы пайдаланған күміс бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмені аудандық гимназия оқушыларын сынып жетекшісі Мейрамгүл Сатыбалдықызы бастап келіп тамашалады. Шара барысында гимназия оқушысы Інжу Сағындық күй орындап берсе, Әсима Талап ақын Жұмекен Нәжімеденовтың «Дина. Алғашқы бақыт» өлеңін оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Көрмені тамашалаған оқушылар қазақ халқының зергерлік өнері мен ұлттық ою-өрнектердің ерекшеліктері туралы мол мағлұмат алды. Оқушылар көне әшекейлердің жасалу технологиясымен танысып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен эстетикалық талғамын бейнелейтін құнды мұраларға қызығушылық танытты.