Құтты қонаққа – құрмет, туған қалаға – тағзым
Жаңадан отау құрғалы жатқан оралдық Аңсар есімді азамат киелі Маңғыстаудан алғаш рет келген қайынжұртын туған қаланың тарихымен жақынырақ таныстыруды облыстық өлкетану музейінен бастаған. Музейдің қалалық экскурсия қызметі қонақтарымызды арнайы экскурсиялық дайындалған маршрутпен Оралдың бай тарихымен, мәдени-тарихи нысандарымен, сәулет ескерткіштерімен таныстырды.
Осы орайда Аңсар мырза қонақтарды жылы қарсы алып, танымдық экскурсияның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыстық өлкетану музейі ұжымына шынайы алғысын білдірді. Өз кезегінде мекеме басшысы Жантас Набиоллаұлы да туған жердің тарихын танытуды құр сөзбен емес, нақты іспен көрсеткен азаматқа ризашылығын білдірді.
Қонаққа қаланы таныту – туған өлкені сүйе білудің жарқын үлгісі. Осындай игі сапарлар екі өңірдің бауырластығын одан әрі нығайтып, рухани байланысын тереңдете түсетініне сенімдіміз. Жайық жағасындағы көне шаһар сіздерді әрдайым жылы қарсы алуға әзір!