«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

БҚО музейі киіз үй ішінде фото және бейнетүсірілім жасау қызметін іске қосты

18.07.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнография залындағы қазақтың дәстүрлі тұрмысын айшықтайтын киіз үй экспозициясында жаңа қызмет түрі іске қосылды.

Бұдан былай қала тұрғындары мен қонақтары киіз үй ішінде ақылы фото және бейнетүсірілім қызметін пайдалана алады.

Бұл бастама музейде тақырыптық подкасттар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бейнетүсірілімдер мен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға кең жол ашады. Жаңа қызметтің алғашқы игілігі ретінде, бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен арнайы түсірілім жұмыстары өтті. Аталған жоба ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұра тізіміне қазақтың дәстүрлі өнерін, атап айтқанда сал-серілік дәстүрін енгізу бағытындағы жұмыстарға арналды.

Түсірілім барысында өңіріміздің дәстүрлі әншілері Данияр Елеуов пен Бейбіт Қажығалиев ұлттық әншілік өнерді дәріптеп, әсерлі әндер шырқады.

Егер сіз де ұлттық нақышта ерекше фотосессия немесе бейнетүсірілім ұйымдастырғыңыз келсе, музейдің киіз үй кеңістігіне келіңіздер. Ол үшін 8 700 024 7524, 8 (7112) 24 75 24 нөмірлеріне алдын ала хабарлассаңыз болады.

Scroll to Top