Қазақтың тұңғыш драматургі Ишанғали Меңдіханұлының қабірі табылды.
Сүйінші хабар!
Қазақтың тұңғыш драматургі Ишанғали Меңдіханұлының қабірі табылды.
Ишанғали Меңдіхановтың дерегін тиянақты зерделеп, музей қорындағы материалдар негізінде жинақ шығару музейдің басты жобаларының бірі. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің “Музей мұрасы” сериясы аясында жарыққа шығаратын алғашқы жинақ болмақ. Зерттеп, құрастырушы музей қызметкері Қазбек Құттымұратұлы.
Ишанғали Меңдіханұлы — ұстаз, драматург әрі қоғам қайраткері. Ол ұзақ уақыт Торғай өңірі мен Бөкей Ордасында мұғалім, аудармашы болып, кейін ел басқару саласында қызмет еткен. Бақтыгерей Құлманов, Ғұмар Қараш, Сейітқали Меңдешұлы сынды көрнекті тұлғалардың жақын серігі болған. Сонымен қатар, Ишанғали драма жанрына алғашқылардың бірі болып қалам тартқан. И.Меңдіханұлының «Малдыбай», «Үйшік-үйшік», «Байғұстар» атты пьесалары белгілі.
1919 жылы ақ-қызылды алмағайып кезеңде бандылардың қолынан қаза табады. Содан бері ұрпақтары түрлі кедергілерге байланысты басына құлпытас орната алмай келген. 1979 жылы зерттеушілер Мұстафа Ысмағұлов, Ишанғалидың қызы Зылиқа Меңдіханова, Қыдырғали Қайбалиев зират басына асбест құбырдан белгі орнатады. Алайда 1990 жылдары бұл белгі жоғалып, драматургтың нақты жерленген орны бүгінге дейін белгісіз болып келген еді.
2026 жылдың 4 сәуірінде Орал қаласынан музейден шағын экспедиция Ишанғалидың ізімен Жалпақтал өңіріне арнайы барады. Экспедиция құрамында облыстық өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Тоғызбайұлы, журналист, музейдің ғылыми қызметкері Қазбек Құттымұратұлы, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Шамұратұлы және тарих магистрі Ерсұлтан Нұрғисаұлы болды. Біртуар тұлғаның сүйегі жатқан жерді іздеуге Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов қолдау білдірсе, ауыл тұрғыны Сәрсенбі Ануханов пен Қарасу округінің әкімі Сұңғат Қажғалиев жол сілтеді. Нәтижесінде Ишанғали Меңдіханұлының қабірі анықталды.