БҚО музейінде бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыс жиыны өтті
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде директор Жантас Набиоллаұлының төрағалығымен қалалық және аудандық бөлім меңгерушілерінің қатысуымен жұмыс жиыны өтті.
Жиын барысында «Домбыра – ұлттық рух» музейі, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейі, Қаратөбе аудандық Мұхит Мерәліұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі және Бөрлі аудандық тарихи-өлкетану музейінің 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстары мен қаржылық түсімдері туралы есептері тыңдалды. Бөлім меңгерушілері атқарылған жұмыстарды баяндап, музей қызметінің негізгі бағыттарын жан-жақты талқылады.
Басқосуда хаттамалық тапсырмалардың орындалуына ерекше назар аударылып, жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру міндеттелді. Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі музейге келушілер санын арттыру, көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту және қаржылық түсімдерді көбейту жолдары болды. Осы бағытта ірі мекемелермен ынтымақтастықты нығайту және ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысында әлеуметтік желілердегі пікірлерге тұрақты мониторинг жүргізіп, келушілермен кері байланысты күшейту, сондай-ақ музейдің оң имиджін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.