Елімізде 18 мамырда Халықаралық музей күні атап өтіледі
Халықаралық музей күні – адамзаттың мәдени және тарихи мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген музей қызметкерлерінің еңбегін айшықтайтын ерекше мереке. Бұл атаулы күнді Халықаралық музейлер кеңесі 1977 жылы бекіткен.
Бүгінде музейлер тек құнды жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, сонымен қатар рухани-танымдық, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту бағытындағы маңызды орталыққа айналды. Мұнда әрбір экспонат өткен тарихтан сыр шертіп, елдің қалыптасу жолын, ұлттық құндылықтар мен ата-баба мұрасын танытады.
Музейлер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда, отансүйгіштік рухын арттыруда және мәдени мұраға деген құрметін күшейтуде айрықша рөл атқарады. Әсіресе, өңірлік музейлер туған өлкенің тарихын, белгілі тұлғалардың өмір жолын, археологиялық және этнографиялық құндылықтарды көпшілікке таныстыру арқылы қоғамның рухани дамуына үлес қосып келеді.
Осы мерекеге орай еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлерде түрлі көрмелер, ашық есік күндері, танымдық кездесулер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл күн – тарихқа тағзым жасап, мәдени мұраны дәріптеудің және музей ісіне қызығушылықты арттырудың маңызды мүмкіндігі.
Музей қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, ел мұрасын сақтап, ұлттық құндылықтарды насихаттау жолындағы еңбектеріне табыс тілейміз!
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі