«Достық – біздің тірегіміз» атты мәдени шара өтті
2026 жылдың 30 сәуір күні Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінде «Достық – біздің тірегіміз» атты мәдени шара ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – көпұлтты халқымыздың бірлігі мен татулығын насихаттау, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыру, достық пен ынтымақтастықты нығайту.
Шараға Жаңақала ауданының тұрғындары және ауданымызда тұратын түрлі этнос өкілдері, атап айтқанда татар және шешен ұлтының өкілдері қатысты.
Мерекелік шараны музей ұжымы ашып, келген қонақтарға жылы лебіз білдірді. Музей меңгерушісі Сыйлыхан Жұмасалық құттықтау сөз сөйлеп, халықтар арасындағы достық пен бірліктің маңызын атап өтті.
Шара барысында музей экскурсоводы Ақнұр Төлембетова қонақтарды музей экспозицияларымен таныстырып, жәдігерлердің тарихи және мәдени маңызы туралы мазмұнды мәлімет берді.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – Рабиға Ишекенованың музей қорына отбасылық құнды жәдігерді сыйға тартуы болды. Ол өз енесінен қалған, нан пісіруге арналған қола пешті музейге табыстады. Бұл тұрмыстық бұйым ертеде отқа қойылып, нан пісіруге пайдаланылған. Осындай жәдігерлер халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертіп, өткен өмірдің құнды куәсі ретінде музей қорын толықтыра түседі.
Сонымен қатар шара барысында Қали Жантілеуов атындағы музыка мектебі директорының орынбасары Айбар Негаев қазақ және татар тілдерінде ән орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ән арқылы екі халықтың мәдени үндестігі мен достығы көрініс тауып, кештің мазмұнын аша түсті.
Шара соңында шақырылған қонақтарға жерлес ақындар Аслан Тілегеннің және Шерхан Талаптың кітаптары сыйға тартылып, қонақтар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Бұл сый-сияпат шараның рухани мәнін арттырып, қонақтарға ерекше құрмет көрсетті.
Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, дастархан басында еркін пікір алмасып, жарасымды әңгіме өрбітті. Осындай мазмұнды кездесулер түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығын арттырып, татулық пен достықты нығайта түсетіні сөзсіз.