«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

БҚО тарихи-өлкетану музейінде Сара Танабаеваның 85 жылдығына арналған тағылымды шара өтті.

05.01.2026 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

БҚО тарихи-өлкетану музейінде Сара Танабаеваның 85 жылдығына арналған тағылымды шара өтті
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі өлкетанушы, музей саласының ардагері Сара Есқайырқызы Танабаеваның 85 жас мерейтойына арналған «Музей – ғұмыр тағылымы» атты салтанатты шара өтті.
Мерейтой иесін музей ұжымы музей алаңында БҚО тарихи-өлкетану музейінің әнімен қарсы алды. Шараға мәдениет саласының өкілдері, ақын-жазушылар, музей қызметкерлері, әріптестері мен қонақтар қатысты.
Салтанатты кеш барысында ақын Ұлықбек Есдәулет пен Дариға Ғазезқызы Мұштанованың жыр жолдары арқылы Сара Есқайырқызының музей ісіне сіңірген еңбегі, Жайық өңірінің тарихын түгендеудегі орны ерекше атап өтілді. Сондай-ақ мерейтой иесінің жоғары кәсіби шеберлігі, музей ісіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігі жас буынға үлгі екені айтылды.
Іс-шара аясында Сара Танабаеваның өмірі мен еңбек жолына арналған бейнеролик көрсетіліп, Бастыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Мұсаұлы және Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлы Сафуллин құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ ақын Меңдібек Лұқпанов мерейтой иесіне арнаған жырын оқыды.
Шара барысында Сара Есқайырқызының тікелей қатысуымен қалпына келтірілген тарихи ұлттық киімдер дефилесі көпшілік назарына ұсынылды. Камзол, қасаба, көйлек сынды құнды жәдігерлердің реставрация тарихы таныстырылып, музей қорын толықтырудағы еңбегі ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар Сара Танабаеваның басшылығымен облыс пен өзге өңірлерде ұйымдастырылған этнографиялық экспедициялар, музейлердің ашылуы, ғылыми-зерттеу еңбектері мен жарық көрген кітаптары кеңінен сөз болды. Оның бастамасымен өңірде бірқатар музей мен музей-филиалдар құрылып, облыстық музей қоры мыңдаған құнды жәдігерлермен толықты.
Шара соңында музей ұжымы Сара Есқайырқызына арнап арнайы шығарған «Музей апа» әнін орындап, мерейтой иесіне зор құрмет көрсетті.
Тағылымға толы кеш Сара Есқайырқызы Танабаеваның музей саласына қосқан өлшеусіз еңбегіне тағзым ретінде қорытындыланды.

Scroll to Top