БҚО тарихи-өлкетану музейі алғашқы жартыжылдықты пысықтады
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Набиоллаұлының төрағалығымен бөлім меңгерушілерінің онлайн-кеңесі өтіп, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыстар қорытындыланды.
Жиын барысында Мәншүк Мәметова мемориалдық музейі, Сырым Датұлы, В.И. Чапаев атындағы Ақжайық тарихи-өлкетану музейлері, М.А. Шолохов мемориалдық музейі, Сәкен Ғұмаров музей-үйі және Табиғат және экология музейі бөлімдерінің есептері тыңдалды.

Меңгерушілер атқарылған жұмыстарды слайдтар мен диаграммалар арқылы таныстырып, келушілер санының өсімі, ақылы қызметтер, мәдени шаралар, әлеуметтік желідегі белсенділік пен қорды цифрландыру көрсеткіштерін баяндады.

Директор Жантас Набиоллаұлы әр бөлімнің есебіне жеке талдау жасап, хаттамалық тапсырмалардың сапалы орындалуын қатаң тапсырды әрі алдағы кезеңге нақты бағыт-бағдар берді.

Кеңес қорытындысында музей экспозицияларын жаңарту бойынша ғылыми-құжаттық негізделген жобаларды алдын ала әзірлеу міндеттелді. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, музей қызметін дамыту мақсатында өңірдегі ірі кәсіпкерлермен ынтымақтастықты күшейту жүктелді.
