БҚО музейінің директоры ЮНЕСКО-ның Орталық Азия музейлеріне арналған халықаралық семинарына қатысуда
Алматы қаласында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесі CRIHAP ұйымының қолдауымен «Орталық Азиядағы музейлер арқылы материалдық емес мәдени мұраны қорғау» тақырыбында үш күндік халықаралық семинар өтуде.
Аймақтық мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бұл ауқымды жиынға Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин арнайы қатысып жатыр. Халықаралық басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген жетекші музей мамандары мен сарапшылары жиналды.

Үш күндік семинар бағдарламасында ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенциясының негізгі қағидалары, мәдени қазыналарды анықтау, зерттеу, құжаттау, цифрландыру, сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері кеңінен қамтылды. Топтық жұмыстар мен практикалық сабақтар барысында қатысушылар материалдық емес мәдени мұраны қорғаудың негізгі қадамдарын музейдің көрме ұйымдастыру, реставрациялау, ғылыми-зерттеу, есепке алу және құжаттау қызметінде қолдану жолдарын сараптады. Бұдан бөлек зияткерлік меншік, мәдени құқықтар, цифрлық сауаттылық, мамандардың жаңа кәсіби құзыреттері және музейлердің қоғамдағы өзгеріп келе жатқан рөлі талқыланды.
Семинар жәдігерді сақтаумен қатар оған қатысты дәстүрлерді, шеберлік пен білімді жеткізуші қауымдастықтарды бірге қарастырудың маңыздылығын көрсетіп, Орталық Азия елдері арасында тәжірибе алмасуға және жаңа кәсіби тәсілдерді музей ісіне енгізуге жол ашты.