БҚО музейіне қазақтың тұңғыш драматургі Ишанғали Меңдіхановтың ұрпағы арнайы келді
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне қазақтың тұңғыш драматургі, көрнекті ағартушы әрі қоғам қайраткері Ишанғали Меңдіханұлының ұрпағы Марита Меңдіханова арнайы бас сұқты.
Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан өңірінен келген мәртебелі мейман Ишанғалидың туған інісі Орынғалидың тәрбиесінде өскен жиені екен. Музей қызметкерлері қонаққа «Музей мұрасы» жобасы аясында жарық көрген жаңа кітапты таныстырып, бұл жинақтың музей қорындағы құнды архивтік құжаттар, сирек фотосуреттер мен тарихи мерзімді басылымдар негізінде әзірленгенін жеткізді. Басылымға Ишанғали Меңдіханұлының ұрпақтары ұсынған, бұған дейін ғылыми айналымға енбеген тың мәліметтердің де енгізілгенін естіген Марита апай ерекше тебіреніп, Жалпақтал өңірінде өткен балалық шағын терең толғаныспен еске алды.
Арнайы қолтаңбасымен кітапты табыстаған зерттеуші-автор Қазбек Құттымұратұлы музей директоры, жоба жетекшісі Жантас Нәбиоллаұлының ыстық ықыласын жеткізді. Мейманмен әңгімелесу барысында Қазталов ауданы әкімдігінің қолдауымен Ишанғали Меңдіханұлының зиратына арнайы белгі орнату және оның аумағын абаттандыру жұмыстарының қолға алынғандығы да айтылды.
Өз кезегінде Марита апай Ишанғали Меңдіханұлының өмір жолы, ағартушылық қызметі мен ұлттық драматургияны қалыптастырудағы орны туралы естеліктерімен бөлісіп, арыстардың мұрасын ардақтап жүрген музей ұжымына шынайы ризашылығын білдірді.