«Өткеннен тағылым алып - болашаққа сеніммен қадам бас!»

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметке жаңадан кіріскен жас мамандар музейге арнайы экскурсия жасады

14.11.2025 «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК

Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Рафикқызы Хайруллинаның «Мемлекеттік қызметтің оң имиджі мен беделін арттыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту» бағытындағы бастамасы аясында облыста жақында мемлекеттік қызметке кіріскен жас мамандар Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы келді.

Музей қызметкерлері жастарды экспонаттармен таныстырып, өңір тарихы мен рухани мұрасы жөнінде мазмұнды ақпарат берді. Іс-шара барысында музей директоры Жантас Набиоллаұлы мемлекеттік қызметшілерге рухани бағытта жүзеге асырылған жобалар жайында кеңінен әңгімелеп, олардың қоғам үшін маңызын атап өтті.

Жантас Набиоллаұлы әрбір азаматтың ұлтқа және жалпы адамзатқа пайдалы іс атқаруы керектігін айта келе, мемлекеттік қызметкерлер үшін жауапкершіліктің, дұрыс дағды қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Ол жас мамандарға адал қызмет етіп, өз саласының кәсіби шеберіне айналуды тіледі.

Кездесу барысында «елге адал қызмет ету» тақырыбында философиялық сұрақ қойылып, жас мемлекеттік қызметкерлер өз ойларымен және көзқарастарымен бөлісті.

Айман Рафикқызы музей басшылығына көрсеткен қолдауы мен мазмұнды кездесу үшін алғыс білдірді.

Scroll to Top