«Музей Travel»: БҚО музей мамандары «АЛЖИР» мемориалды кешенінде болды
Ұлттық музейдегі семинар аяқталған соң «Музей Travel» жобасына қатысушылар Ақмола облысындағы «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барды.
Музей экспозициясы екі қабатта орналасқан. Мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарының фотосуреттері, жеке заттары, сақталған хаттары, диорамалар мен тарихи құжаттар қойылған. Әсіресе «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері» тарихына арналған бөлім мен бұрынғы лагерь аумағындағы экспозициялар ерекше әсер қалдырды. Сапар барысында оралдық мамандар кешеннің қор және экспозиция бөлімдерінің жұмысымен танысып, кәсіби сұрақтарына жауап алды.
Көрме залындағы анасына деген сағынышын қағазға түсірген кішкентай баланың хаты сапар қатысушыларының жүрегін толқытқан ерекше жәдігер болды. Шағын жазбада тұтас бір дәуірдің қасіреті көрініс тапқан.
«АЛЖИР» кешеніне жасалған сапар нәтижелі аяқталды. Тарихи оқиғаларды эмоциялық тұрғыда жеткізетін инсталляциялар, заманауи технологияларды қолдану және экскурсоводтың оқиғаны әсерлі баяндау шеберлігі музей қызметін ұтымды етуде маңызды рөл атқаратынын көрсетті.