БҚО музей мамандары халықаралық семинарға қатысып, бірнеше өңірді аралады
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Астана қаласында өткен «Музей ісін дамыту және цифрландыру» тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысып, кәсіби біліктіліктерін арттырды.
Осы іссапар аясында «Музей Travel» жобасы жүзеге асырылып, мамандар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстық музейлерінің, ҚР Ұлттық музейінің, «АЛЖИР» кешенінің, Бурабайдағы мультимедиялық орталықтың, «Ботай» музей-қорығының және Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің жұмысымен танысты.
Ұлттық музейде өткен оқу бағдарламасында Түркия Республикасының жетекші сарапшылары – 15 Шілде Демократия музейінің директоры Али Хайдар Аталар, музей зерттеушісі Гюльсехер Гюрген және PhD дәрежелі археолог Перихан Дөнерташ дәріс оқыды. Семинар барысында мәдени мұраны цифрландыру, экспозицияда заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді қолдану, қорды сақтау мен басқарудың халықаралық стандарттары кеңінен талқыланды.
Сапар соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті. Экспозиция бөлімінің маманы Айнагүл Халыққызы түркиялық әріптестердің жәдігерлерді сақтаудағы қатаң заңнамалық талаптарын, ғылыми айналымға енгізу жүйесін және музей кеңістігін келушілерге ыңғайлы етіп жоспарлау тәсілдерін ерекше атап өтті. Ал экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Шолпан Бауыржанқызы шетелдік мамандардың өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігі мен тарихи мұраға деген жоғары құрметін тілге тиек етті. Бұл сапар оралдық музейшілер үшін кәсіби құзыреттілікті арттыруға мол мүмкіндік берді.